“Бала неге өтірік айтады?” Ата-анаға кеңес

Психологиялық қызмет (Шағын орталық)

Қоқымбаева И.Б.
“№54 негізгі мектебі” КММ
Педагог-психолог

Соңғы кезде мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы балалардың да ассоциалды тәртіптері жайлы жиі айтылып және жазылып жүр. Ассоциалды тәртіпке өтірік айту, балағат сөздер айту, айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста агрессиялық әрекет көрсету жатады.

Бала неге өтірік айтады? Көбіне өзін бізден қорғап қалу үшін. Өйткені “өтірік айту” деген тек алдау ғана емес, сонымен бірге ойлап шығару, қиялдау деген сөз.

Балалық шақ-алтын кезең, уайым-қайғысыз бақытты балалық шақ. Алайда сәбидің ішкі әлемі біз ойлағаннан да анағұрлым күрделі. Алғашында олар әлемді “түсініксіз қауіпті әлем” деп қабылдайды. Отбасы мүшелерінің арасында да өзін жалғыз қалғандай сезінеді.

Өтірік тудыратын себептер көп. Ата-анасы дұрыс көңіл бөлмегенде назарды қалай болса да өзіне аудару үшін бала түрлі әрекетке барады. Бала біреуден күлкі болудан қашып, өтірік айтады, өте жақсы болып көрінуге тырысады.

Көптеген балалар өзінің болашағы жақсы бағаға байланысты деп есептейді. Егер сабақ үлгерімі нашарласа, онда бала өтірік айтудан басқа амалы жоқтығын сезінеді. Мысалы, сіз қызыңыздың математика сабағынан бақылау жұмысын нашар жазғанын білсеңіз, оған бетінен алып, “Бақылау жұмысы қалай өтті? Бұл жолы сен мені алдай алмайсың! Мен мұғаліміңмен сөйлестім және жұмысты нашар орындағаныңды білемін”, -деп айтудың қажеті жоқ. Оның орнына балаңызға “Мұғалімің математикадан бақылау жұмысын нашар жазғаныңды айтты маған”. “Мен саған қалай көмектессем екен, ойланып, уайымдап отырмын” деп жанашырлық көңілмен тура айтыңыз. Егер балаңыз сонда да өтірік айтуын қоймаса, айқай-шу шығарудың ақыл-өсиет айтудың қажеті жоқ. Тек сөзбен және іспен жауап беру керек. Бала ата-анаға өтірік айтудың жоқ екендігін түсінуі тиіс. Расында, өтірік көптеген мағынаға ие. Өтірік -қулықтың бір түрі. Есейген сайын бала өтірікті нәзік түрде айтуды үйреніп, әдетке айналдырып алады. Алдымен байқаусызда ал кейін саналы түрде. Сондықтан мұндай жолға түспесін десеңіз балаңызды өз сөзі үшін жауап беретіндей етіп тәрбиелеңіз. Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма? Отбасында өтірік айтудың қажеті жоқ жағдайдарды қалыптастырыңыз. Егер бала ата-анасына өзінің құпияларын сеніп айта алатынын білсе, оның әрекеттері талқыланып, дұрыс деп қарастырылса, ал жазалану тәрбиелеу әдісі ретінде қолданылмаса онда өтірік айтудың себебі ешқашан туындамауы мүмкін. Ешқашан балаға “жақсы көремін” деген сөздерді әдейі қолдануға болмайды. Көптеген балалар сәтсіздік алдындағы үрейден өтірікті көп айтады. Балаңызға өзіңіздің қиындықтар мен сәтсіздіктерді қалай жеңетіндігіңіз туралы айтып берсеңіз ол да сізден үлгі алып үйренсін.Өзінің қателіктерін мойындау және оны түзетудің жақсы әрекет екендігін балаңызға ұғындырыңыз.

Балаңыздың өтірік айтқанын қаламайсыз ба? Онда өзіңізде өтірік айтпаңыз! Әр сөзіңізге, әрекетіңізге абай болыңыз.

Егер ата-аналар балаларының адалдыққа үйретеміз десе, айтқан сөзінде тұруы керек. Қандай да бір жағдайда уәдеңізді орындай алмасаңыз, балаңызға не себепті орындамағаныңызды түсіндіріп, кешірім сұраңыз. Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып қойған болсаңыз, мойындап не себепті өтірік айтқаныңызды түсіндіріңіз.Бала шындығын айтқанда қопаштап отырыңыз, әсіресе айтуына қиын болған сәттерде.

Балаңызға көп талап қоймаңыз және одан қабілеттен тыс көп нәрсе күтпеңіз.Есіңізде сақтаңыз: талап көп және қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу өтірікті қорғану әдісі ретінде көп қолданады. Өтірік айтса да балаңызды жақсы көретініңізді, оның жаман бала еместігін үнемі жиі айтып отырыңыз. Егер балаңыз сізге өтірік айтып тұрғанын біліп қойсаңыз бірден айқай-шу шығарып, ұрыспаңыз. Бірден айқайға бассаңыз, онда ол сіздің қахарыңыздан өзін қорғау үшін одан әрі өтірік айтуын жалғастыра береді. Өтірік айтқанын біліп қойсаңыз,сенген кейіп танытыңыз. Керісінше балаңыздың ойдан шығарып жатқанын сол мезетте айтыңыз. Егер сіз балаңыздың өзінің игілігі үшін өтірікті қолдана бастағанын байқасаңыз, ойлануыңыз қажет, яғни бұл балаңызбен арадағы қатынаста бір олқылықтар бар екендігін көрсетеді. Жағдайды талдаңыз, өтіріктің туу себебін анықтауға тырысыңыз, бекерден бекер бала өтірік айтпайды. Мұндай әрекетке баруға оны жан-жағында болып жатқан жағдай итермелейді. Ата-анасы балаға түсіністікпен қараса, бұл оң нәтиже берері сөзсіз.

"№54 негізгі мектебі" КММ